Abstract
<jats:p>Мақалада М.Әбдәкімұлының «Сүлеймен қарақшы» хикаяты талдау нысанына алынған. ХХ ғасырдың бірінші жартысында Оңтүстік өңірінде болған тарихи оқиға жекелеген тұлғалардың тағдыр тауқыметімен суреттелген. Хикаяттың негізгі кейіпкері Сүлеймен бейнесін ашуда жазушының портрет, кейіпкер сөзі, диалог, монолог, түс, эпизод, сюжеттерді пайдалану шеберлігі нақты мысалдармен айшықталған. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін Өзбекстанның астанасы Ташкенттегі адам жегіш жөйттермен, Тәжікстан тауларындағы басмашылармен алысқан кейіпкерлер өмірі ертегілер мен батырлық эпостардағы жекелеген мотивтермен салыстырыла зерттелген. Батырлық жырлардағы суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын батырлардың өмірде болғаны Сүлеймен мен Қараманның өмір жорықтарынан көрінеді. Он бес жасынан бастап тас төсеніп, мұз жастанған Қараман, Сүлеймен батырлардың Қазақстанмен бірге Орта Азия халықтарының сүйікті қаһарманына айналуы нанымды бейнеленген. Кеңес өкіметіне жақпағандықтан, қазақ пен өзбек елінде жүріп бірнеше рет тар қапасқа отырғандығы олардың бейнесін аша түскен. Бір дәуір мен бір өңірде өмір сүрген қазақ батырларының Тәшкенде тізе қосып жауларымен бірлесе алысқаны – өмірден алынған, ел аузында атадан-балаға аңыз болып жеткен шындық екені ғылыми тұрғыда дәлелденген. Аңыздың артында өмір шындығы жататыны тәрізді екі батырға қатысты аңызға бергісіз әңгімелердің де өмірден алынғанына көңіл аударылған. Жазушының өмір шындығын көркем шындыққа айналдырудағы көркемдік ізденістері нақты мысалдармен айшықталған.</jats:p>