Abstract
<jats:p>Мақалада Ресей империясының XIX ғасырдың І жартысында Батыс Сібір өңіріндегі қазақтарға қатысты жүргізген отарлық әкімшілік реформаларының дәстүрлі басқару жүйесіне тигізген әсері жан-жақты талданады. Зерттеу барысында 1822 жылғы «Сібір қырғыздары туралы Жарғы» және оның негізінде жүзеге асқан округтік басқару жүйесі қазақ қоғамындағы билік құрылымдарының трансформациялануындағы шешуші фактор ретінде қарастырылады. Империялық биліктің негізгі мақсаты – хандық билік институтын әлсірету, дәстүрлі саяси-құқықтық жүйені біртіндеп жою және қазақ даласын орталықтандырылған әкімшілік басқару кеңістігіне енгізу болды. Жаңа реформалар ауыл, болыс, округ деңгейлеріндегі басқару лауазымдарын қайта құрылымдап, сұлтандар мен аға сұлтандарды империялық бюрократиялық иерархияға бейімделген жаңа элита ретінде қалыптастырды. Мақалада реформалардың мазмұны мен олардың саяси мақсаттары салыстырмалы-тарихи әдіс арқылы талданып, қазақ қоғамының ішкі билік қатынастарына, әлеуметтік құрылымына және дәстүрлі институттардың қызметтік рөліне тигізген ықпалы зерделенеді. Сонымен қатар, Ресей әкімшілігінің басқарушы орган ретінде Батыс Сібір Бас басқармасы арқылы жүргізген бақылау жүйесі, оның қазақ даласындағы отарлық саясатты іске асырудағы тарихи рөлі айқындалады. Зерттеу нәтижесінде 1822 жылғы Жарғының қазақ қоғамында жаңа әкімшілік жүйенің орнығуына, дәстүрлі көшпелі басқару үлгілерінің әлсіреуіне және империялық басқару формаларының күшеюіне ықпал еткені анықталады. Реформалардың ұзақ мерзімді салдары ретінде қазақ даласында әлеуметтік-саяси элитаның жаңа типінің қалыптасуы және өлкеде империялық биліктің орнығуы көрсетіледі.</jats:p>