Abstract
<jats:p>Математика пәнін оқытуда білім алушылардың оқу мотивациясын арттыру және сараланған бағалау тәсілдерін тиімді қолдану – оқытуды жетілдіру мен білім сапасын арттыруды қамтитын педагогикалық-психологиялық өзекті шарттардың бірі ретінде қарастырылуда. Бұл мақалада мектеп математикасын оқытуды жетілдіру мақсатында оқушылардың қабілеттерін анықтау мен қызығушылықтарына сәйкес бағалау тапсырмаларын ұсынудың моделі қарастырылады. Зерттеу мазмұндық тұрақтылыққа негізделген екі түрлі әдіс: цифрлық таңдау арқылы бағалау және деңгейлік бағалау әдістеріне назар аударады. Мазмұндық тұрақтылыққа негізделген цифрлық таңдау арқылы бағалау әдісі – оқушыларға бір мазмұнды тапсырманы әртүрлі цифрлық форматта (геймификация, тест, интерактивті визуализация т.с.с.) ұсыну арқылы өз қызығушылығына сай таңдау жасауға мүмкіндік береді. Бұл әдіс оқу үдерісінің жекеленуіне және оқушының оқуға деген мотивацияның артуына ықпал етеді. Мазмұндық тұрақтылыққа негізделген деңгейлік бағалау әдісі – бір мазмұнды тапсырманы оқу мақсаттарына сай күрделілік деңгейі бойынша Блум таксономиясының деңгейлері негізінде түрлендіру арқылы оқушылардың танымдық ерекшеліктерін ескере отырып, саралап оқытуды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл әдіс математикалық ойлау қабілетін дамытуға және оқушылардың оқу жетістіктерін нақты бағалауға жағдай жасайды. Ұсынылған модельдердің практикалық қолданылу мүмкіндігін бағалау мақсатында 9-сыныптың алгебра пәні мазмұнына сәйкес үлгілік бағалау тапсырмалары әзірленіп, «SanalyQadam» пилоттық платформасында ұсынылды. Бағалау әдістерінің педагогикалық негізділігін, қолдану мүмкіндігін және әдістемелік әлеуетін анықтау үшін Қазақстанның әр өңірінен қатысқан 101 математика мұғаліміне 5 балдық Лайкерт шкаласы негізінде сауалнама жүргізілді. Зерттеу нәтижелері ұсынылған бағалау тапсырмалары моделінің оқыту үдерісінде қолдануға әдістемелік тұрғыда дайын екенін көрсетті. Мақалада бағалау тапсырмаларын оқыту үдерісімен интеграциялау жолдары және оқыту сапасын арттыруға бағытталған әдістемелік ұсыныстар берілген.</jats:p>