Abstract
<jats:p>Бұл мақалада тіл мен ұлттың ара-қатынасының философиялық және мәдени негіздері талданады. Зерттеу барысында батыс ойшылдары (Гердер, Гумбольдт, Хайдеггер, Андерсон, Геллнер, Хобсбаум) мен қазақ зиялыларының (Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Әлкей Марғұлан және жәдидшілер қозғалысының өкілдері) көзқарастары салыстырмалы тұрғыда қарастырылды. Әдіснамалық негіз ретінде салыстырмалы-философиялық талдау мен герменевтикалық тәсіл қолданылды. Нәтижелер көрсеткендей, романтик ойшылдар тілді халық рухының көрінісі және ойды қалыптастырушы күш ретінде сипаттаса, қазақ зиялылары тілді ұлттық жан, тәрбие мен тарихи жадтың арқауы ретінде пайымдады. Модернистік теориялар тілдің саяси және институционалдық қызметіне назар аударса, қазақ ойшылдары оның рухани-мәдени рөлін баса көрсетті. Алайда тарихи контекстегі айырмашылықтарға байланысты бұл идеялар әртүрлі тағдыр кешті: Батыста тілге қатысты теориялар мемлекет құру процесінде іске асса, Қазақстанда кеңестік саясат, репрессиялар мен ашаршылық бұл үдерісті тежеді. Жәдидшілердің тіл арқылы ұлттық жаңғыруға бағытталған бастамалары да тоқтап қалды. Дегенмен, заманауи қазақстандық зерттеулер (Қоңыратбаева, Омарова, Сәрсенбай, Қалиева, Камалова) қазақ ойшылдарының мұрасының қазіргі тіл саясаты мен ұлттық бірегейлік үшін өзекті екенін дәлелдеп отыр. Осылайша, тіл тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ұлттық тұтастықты қамтамасыз ететін рухани, тарихи және саяси іргетас ретінде қарастырылуы тиіс.</jats:p>