Abstract
<jats:p>Мақалада Қазақстандағы ауыл шаруашылығы жануарларынан алынатын өнімділікті арттыруға негізгі факторлардың бірі болатын күнделікті рационында физиологиялық тұрғыдан қажетті микро және макроэлементтердің болуымен олардың мөлшерін белгілеу бойынша кейбір зерттеу барыстары қарастырылған. Атап айтқанда, ірі қара малға арналған фитоминералды-тұзды жалау брикеттерін жасау технологиясында престеу процесінің оңтайлы қысымын анықтау және ұзақ мерзімді сақтау жағдайларында олардың физика-технологиялық және биологиялық қасиеттерін бағалау нәтижелері келтірілген. Брикеттер азықтық тұз негізінде әзірленіп, құрамына темір сульфаты (30 г), мырыш (46 г), мыс (3,6 г), калий йодиді (3 г) және С дәруменіне бай сібір шыршасының инелері (50 г) енгізілді. Престеу 20–60 МПа аралығындағы қысымда жүргізілді. Зерттеу нәтижесінде 40 МПа қысыммен престелген брикеттердің тығыздығы 1,763±0,146 г/см³, ал беріктігі 6,68±0,56 МПа болғаны анықталды. Бұл көрсеткіштер брикеттердің құрылымдық тұрақтылығы мен сапасын қамтамасыз ететін оңтайлы параметрлер болып табылды. Ұзақ мерзімді сақтау (6 және 12 ай) барысында брикеттердің массасы мен ылғалдылығы аздап төмендегенімен, тығыздық пен беріктік салыстырмалы түрде тұрақты сақталды. Жануарлардың жалау белсенділігі жоғары болып, тәулігіне орта есеппен 30–50 г брикет тұтынған. Бақылау жүргізілген барлық топтарда сиырлардың физиологиялық жағдайында ауытқулар тіркелмеді. Зерттеу нәтижелері фитоминералды-тұзды брикеттердің құрамы мен құрылымы олардың биологиялық тартымдылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететінін көрсетті. Осылайша, 40 МПа қысыммен дайындалған брикеттер мал шаруашылығында тиімді, ұзақ сақталатын және теңгерімді минералдық қоспа ретінде ұсынылады. Кілтті сөздер: фитоминералды-тұзды брикеттер, ірі қара мал, престеу қысымы, микроэлементтер, тығыздық пен беріктік, жемшөп қоспалары.</jats:p>