Abstract
<jats:p>"Мақалада эстетикалық санаттардың Мәшһүр Жүсіп Көпеев шығармаларындағы сипаты сөз болады. Тақырып жақсы мен жаманды салыстыру арқылы зерделенеді. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шығармаларында аталған эстетикалық құндылықтардың Шал ақын, Абай Құнанбаев жырларымен үндестігі талданады. Әйелдің күнделікті тұрмыстағы болмыс-бейнесі, жүріс-тұрысы, киім киісінің әдеби шығарма бойына өрілуі қазақы ұғым, пәлсапа тұрғысында қарастырылады. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «жақсы әйел» мен «жаман әйел» деген анықтамасы әйел адамның екі түрінің сипат екендігі пайымдалып, осы екі санаттың ақын өлеңде шеңберінде талдануы сирек. Бұл тұрғыдан алғанда, ұсынылған мақала қазақ эстетика ғылымының дамуына қосылған аз да болса үлес деуге болады. Сонымен қатар, мақалада рухани жаңғырудың эстетикалық құндылықтармен байланысы сөз болады. Мәшһүртану ғылымы барынша дамып келе жатқанымен, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының мұраларындағы тәрбие жауһарларының қазақ эстетикасы ғылымының бөлшегі ретінде қарастырылуы сирек. Ақын шығармаларындағы әйел бейнесі эстетикалық құндылықтарға толы. Жақсы әйелдің жанында жүретін қонақжайлық, ырыс-береке, татулық, сабырлылық, имандылық, ұқыптылық, еңбекқорлық – мұның бәрі – қазақ әйеліне тән құндылық санаттар. Мәшһүр Жүсіп Көпеев шығармаларын қазақ ұлттық педагогикасы, оның ішінде эстетика санатының нысаны ретінде қарастырып, шығармалардағы әйел бейнесін эстетикалық санаттарға топтастырып қараудың өзі –Мәшһүртанудағы жаңашылдық. "</jats:p>