Abstract
<jats:p>Бұл мақала қазақ әдебиетінің көрнекті ақыны, ғалым, ұлт мүддесін ойлаған қоғам қайраткері, Алаш идеясын жалғастырушы, «Есеп» (Елін сүйген ерлер партиясы) партиясының негізін қалаушысы, Б. Ысқақұлының, абақтыда отырған өлеңдерін зерттеуге бағытталған. Б. Ысқұлының еңбектеріне сүйене отырып, түрме шығармашылығы, түрмеде жазылған туындылардың концептілік мағынасы, мәні, оның жүйесі, дүниетанымы талданады. Зерттеу барысында түрме тақырыбындағы өлеңдердің өзіндік ерекшеліктері, ұлттық рух пен сенім көріністері, философиялық сарынның ерекшеліктері айқындалады. Ұлттық әдебиеттануда түрме шығармашылығы циклы, түрме поэтикасы туралы пайымдаулар кеңінен қарастырылса, қазақ әдебиеттану ғылымында бұл мәселе әлі де қолға алына қоймаған тақырыптардың бірі. Бұл мақалада «Б. Ысқақовтың әдеби және ғылыми мұрасы» докторлық диссертация шеңберіндегі әдебиеттанушы ғалым, ақын Бүркіт Ысқақұлының абақтыда отырып, айдауда жүрген кездері жазылған өлеңдерінен мысалдар келтіріліп, талдаулар жасалған. Мақалада жинақтау, жүйелеу, салыстыру, концептуалдық талдау, тұжырымдау әдістері қолданыс тапқан. Мақаланың мақсаты ақынның азаматтық қайраткерлік ұстанымын таныту, ақынның өлеңдері арқылы тарихи шындықты талдау, ақын жырлары арқылы қазақ әдебиеттану ғылымындағы «тоталитаризм», «репрессия», «Гулаг», «реабилитация» сияқты күрделі ұғымдарының қазақ халқы үшін білдіретін мағынасын, оның астарын ұғыну. Сонымен қатар бұл мақалада ақынның өлеңдері басқа да ақын-жазушылардың, зерттеуші ғалымдардың жазбаларымен салыстырылады. Мақаланың ғылыми жаңалығы қазіргі әдебиеттану ғылымында лагерь тақырыбындағы поэзияның әлі де толықтай зерттеуді қажет етуімен түсіндіріледі. Зерттеу нәтижелерін «Қазақ әдебиетінің тарихы», «Әдебиет сыны» салалары бойынша зерттеу жұмыстарында қолдануға болады. Кілтті сөздер: Б. Ысқақұлы, Есеп партиясы, тоталитаризм, абақтыдағы өлеңдер, түрме тақырыбындағы өлеңдер, Степлаг, тарихи шындық, жаңа адам идеологиясы.</jats:p>