Abstract
<jats:p>Мақалада І. Жансүгіров поэмаларының зерттелуі әлеуметтік-тарихи процестермен байланыстыра қарастырылып, қазақ әдеби сынының қалыптасу, даму ерекшеліктері ішкі заңдылықтары арқылы жаңаша пайымдалды. Тарихи-әдеби құбылыстарды ұлтымыздың мүддесі тұрғысынан, әрі шынайы шындық арқылы зерттеу ғана ақиқатқа жол ашпақ. Осы тұрғыдан алып қарағанда, әдебиеттану ғылымының алдында тұрған міндеттердің күрделілігі айқындала түседі. ХХ ғасыр басындағы әдебиетті зерттеу таза әдеби мәселелерді шешумен қатар, тарихи дәуірдің тұтас бейнесін ұсынуға мүмкіндік береді. Бұл кезең әдебиеті бүгінде, ең алдымен, өз заманының мәселелеріне тікелей бағытталған әдебиет ретінде қабылданады. Ілияс поэмаларының жанрлық табиғатын, олардың тарихи және әдеби негіздерін бірлікте қарастыру қазіргі әдебиеттану ғылымының алдында тұрған аса өзекті ғылыми мәселе болып табылады. Ілияс Жансүгіровтің поэма жанрына келу жолы мен осы жанрдағы ақындық дара ізденістерінің өз дәрежесінде зерттелмегендігі, поэмаларының басым бөлігі сыншылар назарына ілінбей, қарастырылмай келгендігі немесе біржақты қарастырылғандығы ашылды. Ілиястың поэмалары халқымыздың рухани қазынасына айналған көркемдік құндылық екені тұжырымдалып, қазіргі әдебиеттану ғылымында, ұлттық мәдениетте алатын орны айқындалды. ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті тарихының тұтас көрінісін қайта құрудағы, көркемдік-эстетикалық даму бағыттарын тұтас пайымдаудағы Ілияс Жансүгіров шығармашылығының ролі айқындалды. Кілтті сөздер: жаңаша пайымдау, Алаш дәуірі әдебиеті, ақын, поэма, зерттеу, әдеби сын, қазақ әдебиеттану ғылымы.</jats:p>