Abstract
<jats:p>Мақала қазіргі қазақ әдебиетіндегі антиқаһарман құбылысы мен оның прозадағы гуманистік бағыты мен мазмұндық байланысын жан-жақты зерттеуге арналған. Антиқаһарман ерлік, қайсарлық және қоғамдық белсенділік мұраттарына негізделген дәстүрлі қаһарманға қарсы әдеби кейіпкердің баламалы түрі ретінде қарастырылады. Классикалық қаһарманға қарағанда, антиқаһарман – моральдық күмәндарды, экзистенциалды ізденістерді және эмоционалдық дағдарыстарды бастан кешіретін, қазіргі әдебиеттің жеке психология мен рухани тәжірибеге терең назарын көрсететін, іштей бөлінген тұлға. Зерттеуде бірқатар прозалық шығармалардың («Сүйекші» – Дулат Исабеков, «Ақшоқыда қыс қатты» –Төлен Әбдік, «Ақ боз үй» – Смағұл Елубай, «Аңыздың ақыры» – Әбіш Кекілбаев) көркемдік ерекшеліктері салыстырмалы, әдеби, контекстік тәсілдер арқылы талданды. Антиқаһарманның негізгі белгілері ретінде белсенді күрестен саналы түрде бас тарту, ішкі осалдық, рухани және әлеуметтік қысым жағдайында адамдық абыройын сақтауға ұмтылу жәйттері айқындалды. Анти қаһармандар бейнелерінің сол кездегі гуманистік идеялардың экспоненттеріне айналуына, ерлік, борыш және адамгершілік таңдау ұғымдарын қайта қарауға ықпал ететініне ерекше назар аударылады. Қорыта айтқанда, антиқаһарман жағымсыз кейіпкер ретінде емес, ішкі қайшылықтар мен моральдық рефлексиялардың көркемдік тасымалдаушысы ретінде көрінеді, бұл оны адам болмысын танудың және қазіргі қазақ әдебиетінің мәдени-рухани динамикасын танытудың маңызды құралына айналдырады.</jats:p>