Abstract
<jats:p>Сиырлардың желінсауы – қазіргі заманғы мал шаруашылығындағы экономикалық шығынның басты факторларының бірі болып табылады. Ол іс жүзінде барлық жерде тіркеледі, субклиникалық түрін ескере отырып, жылына мал басының 30-50%-ын зақымдайды. Халықаралық сүт ұйымының бағалауы бойынша, бұл патология жоғары дамыған елдердің барлығында сүтті ірі қара шаруашылығындағы шығындардың негізгі себебі болып қала береді, ал Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының деректері бойынша, желінсау сиырлардың барлық ауруларын қосқандағыдан да үлкен зиян келтіреді. Шаруашылықтардың желінсау ауруларынан келетін экономикалық шығындары – сүт өнімділігінің төмендеуі, сиырларды мерзімінен бұрын жарамсыз деп тану, тауарлық сүттің сапасы мен өткізу бағасының төмендеуі, емдеу шығындарынан құралады. Жағдайды талдау көрсеткендей, желінсауды көбінесе бактериялар тудырады. Соңғы 15 жылда бүкіл әлем бойынша шикі сүт пен желіні ауырған сиырлардың сүт безі бөліндісінен жиі түрде патогенді стрептококтар мен стафилококтар бөлініп алынған. Бұл микрофлоралар адамдарда сүт тұтынғаннан кейін ас қорыту және тыныс алу ағзаларының әртүрлі бұзылыстарын тудыруы мүмкін. Сондықтан қазіргі уақытта сүт безі ауруларын емдеу және алдын алу мәселесі ветеринария дәрігерлері мен ғалымдар үшін өзекті болып қалып отыр.</jats:p>