Abstract
<jats:p>Аңдатпа: Қазақстан Республикасының астанасы - Астана қаласы соңғы жылдары Еуразия кеңістігіндегі қарқынды дамып келе жатқан ірі қалалардың бірі ретінде сипатталады. Урбандалу үдерісінің күшеюі, халық санының өсуі және тұтыну нарығының кеңеюі елорда мен оған іргелес аумақтарда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесінің өзектілігін арттыра түсуде. Ірі қалалар мен агломерациялар халқын азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру қаланың айналасында мамандандырылған ауыл шаруашылығы аймақтарын қалыптастыруды, өндіріс көлемін ұлғайту мен ауыл шаруашылығын интенсификациялау бағыттарын іздестіруді талап етеді. Осыған байланысты елорданы отандық азық-түлік тауарларымен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында қаланың өзінде және одан 300 км радиуста орналасқан Ақмола мен Қарағанды облыстарындағы кәсіпорындар мен шаруашылықтардың өндірістік әлеуетін, әсіресе шикізат базасын дамытуға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Сонымен қатар ауылдық жерлерде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар салу, сақтау және логистика инфрақұрылымын күшейту, сондай-ақ астана маңында жоғары сапалы өнім өндіруге бағдарланған азық-түлік белдеуін қалыптастыру стратегиялық тұрғыдан маңызды. Мақалада Астана қаласы маңы аумағын дамытудың әлеуметтік-экономикалық алғышарттары қарастырылып, азық-түлік белдеуінің қалыптасуы мен дамуына әсер ететін негізгі факторлар жүйеленеді. Зерттеудің мақсаты - Астана маңы жағдайымен, табиғи, ауыл шаруашылық және әлеуметтік-экономикалық ресурстардың оңтайлы үйлесімімен ерекшеленетін Астана қаласының азық-түлік белдеуі аймағын дамытудың әлеуметтік-экономикалық алғышарттарын анықтау және оның әлеуетіне баға беру. Зерттеу барысында салыстырмалы-географиялық талдау, статистикалық деректерді жүйелеу және картографиялық тәсілдер қолданылып, кәсіпорындардың аумақтық орналасу ерекшеліктері бағаланды. Көліктік-географиялық жағдай өңірдің көлік желілеріне, көлік тораптары мен ағындарына қатысты жағдайын анықтайды. Ол өндіріс элементтеріне қатысты орнына қарай бөлінетін, экономикалық-географиялық жағдайдың негізгі түрлерінің бірі болып табылады. Зерттеліп отырған аумақтың экономикалық-географиялық жағдайының тиімділігі, оның астана маңы мәртебесінің болуы, маңызды темір жол және автомобиль жолдарының қиылысында орналасуы өңірге жоғары көліктік әлеуетті қамтамасыз етеді. Облыста республика бойынша темір жол бағыттарының ең жоғары тығыздығы тіркелген. Сонымен бірге даму шарттарының күшті және әлсіз жақтары, мүмкіндіктері мен кедергілері сараланып, аумақтың әлеуметтік-экономикалық SWOT-талдауы жүргізілді. Зерттеу нәтижесінде Ақмола облысының Бурабай, Қорғалжын, Аршалы және Ақкөл аудандары одан әрі дамыту үшін абсолютті басымдықтарға ие аумақтар ретінде айқындалды. Алынған қорытындылар елорданың азық-түлікпен қамтылуын арттыруға, агроөндіріс пен өңдеу саласын дамытуға және өңірлік агрологистика жүйесін жетілдіруге бағытталған ұсыныстар әзірлеуге негіз болады.</jats:p>