Abstract
<jats:p>Кез-келген ұлттың тарихы мен діні, мәдениеті мен тілі туралы құнды деректер біздің заманға дейін жеткен көне жазба мұраларда сақталған. Түркі әлеміне ортақ осындай жазба мұралардың қатарына мәмлүктер дәуірінде араб графикасымен жазылған қыпшақ тіліндегі жазба ескерткіштерді жатқызуға болады. Мәмлүк-қыпшақ тіліндегі лингвистикалық және әдеби ескерткіштер жан-жақты зерделеніп жүргенімен, діни еңбектер әлі де зерттеуді қажет етеді. Осы кезге дейін кейбір нұсқалары беймәлім болып келген қыпшақша діни еңбектердің бірі – «Китаб Муқаддима» қолжазбасы. Осы мақалада Самарқан қаласынан шыққан ислам әлемінің ғұламасы Әбу Ләйс әс-Самарқандидің мәмлүк-қыпшақ тіліне аударылған «Китаб Муқаддима» жазба ескерткішінің қолжазбалық нұсқалары, оның ішінде ғылыми айналымға енгізілмеген мысырлық (Фиқһ Ханафи MS 721) нұсқасы қарастырылады. Қолжазбаның ғылымда белгілі ыстамбұлдық нұсқасы (Айа-Софийа MS 1451) жан-жақты қарастырылса, кониялық (узлук) және басқа да қыпшақша нұсқалары әлі де кешенді түрде зерттелуі керек. Ал зерттеу нысаны ретінде алынған бұл қолжазбаның мысырлық нұсқасы туралы әлемдік түркітану ғылымында ешқандай мәлімет кездеспейді. Шетелдік қолжазбалар қорындағы ізденістер нәтижесінде Каир қаласындағы (Мысыр) Дар әл-кутуб кітапханасында сақталған «Китаб Муқаддима Әбу Ләйс әс-Самарқанди» («كتاب مقدمة أبو الليث السمرقندي») қолжазбасының тағы бір қыпшақша нұсқасы анықталды. Қолжазба Фиқһ Ханафи бөлімінде 721 нөмірімен сақталған. Ұсынылып отырған мақаланың мақсаты – осы қолжазбаның жаңадан анықталған мысырлық нұсқасына толық сипаттама беріп, бізге белгілі ыстамбұлдық нұсқасымен салыстыра зерттеп, ғылыми айналымға енгізу. Қолжазбаны кешенді зерттеу мақсатында тарихи-салыстырмалы, графикалық құрылымды жүйелеу, деректанулық, палеографиялық, кодикологиялық және мәтінтанулық талдау әдістері қолданылды. Қолжазбаның палеографиялық сипаты оның жазу стилі, каллиграфия түрі, графикалық жүйесі, жазу тәсілі арқылы, ал кодикологиялық сипаты оның материалдық құрылымы, бет композициясы, қағаз сапасы, сия түрі және қосымша белгілері арқылы анықталды. Мәтінтанулық талдау нәтижесінде қолжазбаның мәмлүк-қыпшақ жазба дәстүріне жататыны анық байқалды. Жазу стилі мен графикалық ерекшеліктеріне сүйене отырып, оның ХІІІ-ХV ғасырлардағы мәмлүк кезеңіне тән үлгіге сәйкес құрастырылғаны айқындалды. Қолжазбаның Фиқһ Ханафи MS 721 нұсқасын араб тіліндегі діни мәтінді қыпшақ тілді аудиторияға түсіндіруге арналған ислами медреселік дәстүрдегі маңызды оқу құралы ретінде қарастыруға болады. Сондықтан бұл жазба ескерткіш мәмлүктер дәуіріндегі Мысыр қоғамы ғана емес, сонымен қатар олармен тарихи-мәдени байланыста болған Дешті қыпшақ халықтарына қатысты құнды дереккөз болып табылады.</jats:p>