Abstract
<jats:p>Хожандидің Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының қорына тапсырылған, көне ұйғыр графикасымен жазылған «Латафатнама» шығармасының Кабул нұсқасының көшірмесі 56 беттен, 313 жолдан тұрады. Бұл шығарма Хорезмидің «Мұхаббатнама», Жүсіп Әміридің «Дехнама» сынды туындыларына ұқсайтын болғанымен, Қарахан дәуірінің тілдік ерекшелігін өн бойына сіңірген, таза түркі тілінде жазылған шығарма ретінде ерекшеленеді. XI ғасырдағы түркі жазба ескерткіштерінің тілі, яғни Қарахан дәуірінің тілі кейіннен елеулі құрылымдық өзгерістерге ұшырады. Сол кезеңдегі әдеби мектептер ыдырағанымен, дәстүрлі поэтикалық стильдері бірнеше ғасыр бойы сақталып келді. «Латафатнама» жазылған дәуірде, әдетте, жергілікті тілдік ерекшеліктер араласып, әрі өзіне дейінгі әдеби тілдерге қарағанда кеңірек таралған ортақ әдеби дәстүр қолданылады. Ол өз заманындағы әдеби дәстүр негізінде жазылғанымен, Ж.Баласағұнның «Құтадғу білік» және А.Йүгнекидің «Атабат ул-Хакайк» шығармаларынан тілдік тұрғыда өзгеше сипатқа ие. Жүргізілген зерттеу барысында «Латафатнама» шығармасының тіліне ең жақын тіл ретінде Хорезм түрік тілі айқындалды. Сондықтан да мәтінді транскрипциялау барысында Хорезм түрік тілі негізге алынды. Аталмыш шығарма бұрын қазақ тіліне аударылмағандықтан, оның көне ұйғыр жазуындағы Кабул нұсқасының аудармасын жасап және түсініктемесін беріп, ғылыми айналымға кіргізу зерттеудің негізгі мақсаты етіп қойылды. Жұмыс барысында шығарманы және оған қатысты тұлғаларды зерттеу, тарихын талдау жүзеге асырылып, кейбір ғылыми пайымдар ұсынылды. Түпнұсқа мәтіннің транскрипциясын жасау барысында көне ұйғыр жазуының әріп таңбалар қорының аздығы ескерілді: өйткені мәтінде а-е, о-у, ы-и, к-г, б-п сияқты фонемалар бір графемамен берілген. Транскрипция хорезм түркі тілінің ерекшеліктеріне сәйкес жасалды. Ṭabī῾atdın çıḳardım naẓm bisyār / acunda bulmadım ikev ḫarīdār («Табиғатымнан көп жыр жаздым, Бірақ әлемде екі алушы таппадым») секілді жолдардың ұшырасуы Хожандидің басқа да шығармалары болуы ықтималдығын жорамалдауға мүмкіндік берді. Аударма барысында жекелеген сөздерге ғылыми түсініктемелер беріліп, олардың мағыналары сөздіктер негізінде ашып көрсетілді. Сондай-ақ, мәтіннің құрылымына талдау жасалып, оның композициялық бөліктері мен силлабикалық түзілімі анықталды. Шығарма кіріспе бөлімнен, негізгі он тараудан және қорытындыдан тұрады. Қазақ тіліне аударма мәтіннің мазмұны мен мағынасын сақтай отырып, негізінен сөзбе-сөз тәсілмен жасалды; кейбір тұста экспликация және сипаттамалық аударма қолданылды.</jats:p>