Abstract
<jats:p>XVIII ғасыр – қазақ тарихы үшін күрделі кезеңдердің бірі. Жоңғар хандығының күйреуімен бұл өңірдің геосаяси ахуалы түбегейлі өзгерді. Цин империясы Жоңғария мен Қашқарияны жаулап алып, Тянь-Шаньның оңтүстігі мен солтүстігіне өз билігін орнатты. 1757 жылы Қазақ хандығы мен Цин империясы арасында ресми байланыс орнап, дипломатиялық қатынастардың пердесі ашылды. Цин империясы бұл өңірді әкімшілік, әскери тұрғыдан тиімді басқару үшін 1762 жылы Іле цзянцзюнь мекемесін құрып, билікті орталыққа шоғырландырды. Бұл ара Қазақ хандығы мен Цин империясы арасындағы негізгі дипломатиялық байланыстың өзегіне айналды. Жоңғар хандығымен ұзаққа созылған соғыстан кейін екі ел үшін де жауласудан гөрі дипломатиялық жолдың тиімділігі айқын еді. Екі ел арасында елшілер аттанып, хаттар алмасу жиіледі. Қазақ хан, сұлтандарының жазған хаттарының мазмұны әртүрлі істерді қамтыды. Хат шағатай жазуы және тодо-моңғол жазуында жазылды. Ал Цин империясының жергілікті цзянцзюнь, амбандардың мәлімет хаттары маньчжур, қытай тілдерінде жазылды. Осылай Қазақ хандығы мен Цин империясы ортасында осынау тарихи байланыстарды айғақтайтын шағатай, тодо-моңғол, маньчжур және қытай тіліндегі архив құжаттарының қоры қалыптасты. Қытайдың Бірінші тарихи архивінде «Әскери басқармада сақталған император жарлықтары», «Ордада сақталған, императордың бұрыштамасы бар ұлықтардың мәлімдемелері», «Әскери басқармада сақталған ұлықтардың мәлімдемелерінің көшірмесі», «Императордың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне жауапты мекеме жазып қалдырған император туралы естеліктер» сынды шағатай, тодо-моңғол, маньчжур, қытай тілдерінде жазылған құжат өте мол. Біз бұл мақаламызда қазақтың хан, сұлтандарының шағатай жазуындағы хаттарына тоқталамыз. Шағатай жазуындағы отандық, кеңестік, қытайлық, жапондық ғалымдардың зерттеу еңбектері талданып, тарихнамалық шолу жасалды. Кеңестік кезеңдегі ғалымдардың еңбектері туралы да қысқаша айтылады. Әсіресе тарихшы, деректанушы Б. Еженханұлы мен Д. Әбділәшімұлының Қытайдың Бірінші тарихи архивінен алынған құжаттар негізінде құрастырған еңбектері мен зерттеулеріне баса назар аударылған. Ондағы шағатай жазуындағы хаттардың факсимилесі талданып, хаттың мазмұны, онда көтерілген істер, хаттың ерекшеліктері мен өзгешеліктеріне шолу жасалады. Жұмыстың басты мақсаты – шағатай жазуындағы құжаттарды ғылыми айналымға ендіру үдерісін, тақырыптың зерттелуін жан-жақты ашу. Зерттеу әдістері – талдау және синтез әдістерінен бастап ғылыми әдебиеттерге тарихнамалық талдау тәсілдері қолданылған. Зерттеудің жаңалығы – Қазақ-Цин арасындағы шағатай жазуындағы хаттар туралы соңғы жылдарда жарияланған ғылыми еңбектер арқылы хат мазмұнына кешенді талдау. Міндеттерге хан, сұлтандардың хаттарының ерекшелігі мен мазмұнына, хаттар туралы мәліметтер, қазірге дейін белгілі дерек көздері, тарихшы ғалымдардың еңбектерін талдау және қысқаша тарихнамалық шолу жатады. Зерттеу нәтижелерінде қазақ хан, сұлтандарының Цин императорына шағатай тілінде жазған хаттарының жай-жапсары мен ерекшелігі сөз болады.</jats:p>