Abstract
<jats:p>Мақалада Шәкәрім Құдайбердіұлының «Бояулы суыр» өлеңінің әр кезеңде жарияланған баспа нұсқалары мен қолжазба дереккөздері салыстырылды. Шәкәрім шығармаларының басылымдары әр уақытта түрлі редакторлық қағидаттарға сүйене отырып дайындалғандықтан, мәтіндік нұсқалардың бірізділігі сақталмай, лексикалық, морфологиялық және синтаксистік деңгейлерде айырмашылықтардың жинақталуына алып келген. Мұндай жағдай авторлық мәтіндердің поэтикалық және семантикалық құрылымын дәлме-дәл ғылыми түсіндіруге кедергі келтіреді. Осыған байланысты қолда бар деректерді жүйелі түрде салыстырып, олардың арасындағы нұсқалық айырмашылықтарды анықтау – отандық текстология ғылымы үшін маңызды міндерттердің бірі. Қолымызда бар қолжазба нұсқаларының тізіміне және текстологиялық тұрғыдан арнайы әлі қарастырылмауына байланысты «Бояулы суыр» өлеңі зерттеу нысаны ретінде алынды. Аталған өлеңнің баламалы қолжазба нұсқасының сақталуы оны салыстырмалы талдау нысаны ретінде қарастыруға негіз болып, мәтіннің жариялану тарихы мен нұсқалық өзгерістерін нақтылауға мүмкіндік береді. «Бояулы суыр» өлеңінің мәтіндік нұсқалары арасындағы айырмашылықтарды зерттеу мақсатында салыстыру, сипаттау, талдау әдістері қолданылды. Басты мәтін ретінде 1912 жылы Семей қаласындағы «Жәрдем» баспасынан жарық көрген «Қазақ айнасы» жинағының факсимилесі және оның кирилл әліпбиіндегі транскрипциясы алынды. Сонымен қатар 1988-2018 жылдары жарияланған басылымдар салыстырмалы талдау нысаны ретінде қолданылды. Зерттеудің тың тұсы – өлеңнің осыған дейін сараланбаған, 1972 ж. ақын Қ. Алтынбаев ұсынған фольклорлық нұсқасы мен XX ғ. басында әнші Ә. Алдажарұлы сөзінен жазып алынып, Ш.Көрпебай тарапынан ұсынылған қолжазба нұсқаның ғылыми айналымға алғаш енгізілуі. Бұл нұсқалар салыстырмалы талдауда дербес дереккөз ретінде қарастырылды. Талдау нәтижесінде көптеген мәтіндік айырмашылықтар анықталды. Бірқатар айырмашылықтар төте жазуды қазіргі қазақ кириллицасына көшіру барысында туындаған транскрипциялық ерекшеліктермен түсіндірілсе («азар» – «әзер», «бейшара» – «бишара», «дыбыс» – «дабыс», «шыны» – «шын», «әбден» – «әбдән», «нағып» – «неғып»), жекелеген лексикалық алмастырулар («асыл» – «жасыл», «жолға түсіп» – «орға түсіп», «құбылып» – «құлпырып», «таңқалады» – «таңданады» т.б.) мәтіннің образдық жүйесіне және семантикалық реңкіне әсер ететін айырмашылықтар деп танылды. Қ.Алтынбаев, Ш. Көрпебай нұсқаларын түпнұсқамен салыстыру біріншісінің өзге нұсқаларға қарағанда ең көп өңделгенін көрсетеді. Бұл өлеңнің фольклорлық сипатқа ие болуымен түсіндірілуі мүмкін. Келесі нұсқа түпнұсқаға аса жақын. Бұны шығармашылығы Шәкәрімнің жеке қадағалауында болған Ә.Алдажарұлының орындаушылық дәстүрімен байланыстырамыз. Шәкәрім өлеңдерінің текстологиясы әлі де тиянақты зерттеулерді қажет ететіні анық. Мұны ақынның шағын өлеңінің өзінде анықталған мәтіндік айырмашылықтар айқын көрсетеді.</jats:p>