Abstract
<jats:p>Мақалада тарихи антропонимия тілдік номинация шеңберінде ғана емес, тарихи жад, мәдени құндылықтар мен әлеуметтік иерархияны бейнелейтін жүйе ретінде қарастырылады. Зерттеу нысаны – араб тілі үстемдік еткен ортағасырлық Мысырда жазылған түркі-араб сөздігіндегі тілдік антропонимия. Мәмлүк антропонимиясы түркі дәстүрлері мен араб-ислам мәдениетінің өзара ықпалдасуының күрделі үдерісін көрсететіндіктен, полиэтникалық әрі көптілді қоғам жағдайындағы әлеуметтік құрылым мен құндылықтар жүйесін реконструкциялауда маңызды дереккөз болып саналады. Зерттеудің негізгі материалы – XIV ғасырда Мысырда құрастырылған арабша-түркіше «Kitāb-i Majmūʿ-i «Tarjumān»-i Turkī wa ʿAjamī wa Mughalī wa Fārsī» («Тарджуман») сөздігі, нақтырақ айтқанда, оның мәмлүктердің, жәриялар (күңдер немесе қумалар) мен өзге әлеуметтік топ өкілдерінің есімдерін қамтитын жиырма екінші бөлімі. Бұл бөлімде күнделікті тілдік тәжірибеде қолданылған 84 антропоним тіркелген, олардың 64-і ер адамдарға, 20-сы әйелдерге қатысты. Мұндай сандық арақатынас дереккөздің әскери-әкімшілік элитаны репрезентациялауға басымдық беруімен және құлдық қоғамда қалыптасқан сарай мәдениетіндегі гендерлік асимметриямен түсіндіріледі. Сөздіктің нарративті және ресми құжаттардан айырмашылығы – сөздік авторының жанды қолданыстағы тілдік бірліктерді тіркеп, аударманы антропонимдердің семантикасын ашу тәсілі ретінде қолдануында. Зерттеудің мақсаты – сөздіктегі түркі-мәмлүк антропонимдерінің семантикалық және функционалдық сипатын айқындап, ат қою тәжірибесінің әлеуметтік-мәдени негіздерін ашу арқылы есімдердің мәмлүк-түркілердегі әлем бейнесін интерпретациялаудағы әлеуетін көрсету. Әдіснамалық тұрғыдан тарих, әлеуметтану, этнолингвистика және лингвистикалық антропология қағидаттарын біріктіретін пәнаралық тәсіл қолданылады. Антропонимдер семантикалық жіктеу және контекстуалдық талдау арқылы әскери-мәртебелік, зоонимдік, «беріктік», сондай-ақ апотропейлік кодтар тұрғысынан түсіндіріледі. Әйел антропонимдері jāriya/jawārī әлеуметтік категориясымен байланыста қарастырылып, олардың эстетикалық және символдық қызметі сарай ішіндегі институционалдық тәжірибелер арқылы түсіндіріледі. Зерттеудің ғылыми жаңалығы «Тарджуман» сөздігіндегі түркі антропонимиясының лексикографиялық материал ретінде ғана емес, мәмлүк қоғамындағы әлеуметтік және символдық кеңістіктің элементі ретінде кешенді түрде талдануымен айқындалады. Алғаш рет түркі антропонимдері әскери элитаның топтық бірегейлігін сақтау, әлеуметтік мәртебені символдық тұрғыдан легитимациялау (заңдастыру) және исламға дейінгі мәдени қабаттарды бейтарап түрде сақтап жеткізу тетіктері ретінде қарастырылады. Сондай-ақ жәрияларға қатысты әйел антропонимдері гендерлік және институционалдық контексте қарастырылып, ат қою актісінің билік пен әлеуметтену үдерістерімен байланысы айқындалады. Түркі антропонимиясындағы есімдер, нисбалар және лақап аттар анықталып, олар тарихи-мәдени контекст арқылы түсіндіріледі.</jats:p>