Back to Search View Original Cite This Article

Abstract

<jats:p>Мақалада орта ғасырда ислам дінінің ықпалымен өзгеріске ұшыраған тұрғын үй архитектурасын археологиялық зерттеудің заманауи теориялық және әдістемелік бағыттары қарастырылады. Зерттеудің мақсаты – тұрғын үйді тек құрылыс нысаны немесе жоспарлық шешім ретінде емес, әлеуметтік, тұрмыстық және мәдени тәжірибелердің материалдық көрінісі ретінде талдау мүмкіндіктерін айқындау. Осы тұрғыда архитектуралық археологияның дәстүрлі сипаттамалық тәсілдерінің шектеулері көрсетіліп, тұрмыстық археология мен интенсивті археология тұжырымдамалары теориялық негіз ретінде зерделенеді. Орталық Азияда ислам дінінің VIII ғасырдан бастап орнығуы аймақтың саяси-әлеуметтік және мәдени дамуына түбегейлі өзгерістерге алып келді. Қарахан мемлекетінің исламды ресми дін ретінде қабылдауы қалалық құрылымның, әсіресе рабадтардың кеңеюіне және мұсылмандық инфрақұрылым элементтерінің қалыптасуына ықпал етті. Исламды қабылдаған көшпенді түркі тайпалары жайылымдық аймақтармен қатар қалалық орталықтарды да игеріп, отырықшы-егіншілік мәдениеттің ықпалымен урбанистік өмір салтына біртіндеп бейімделді. Ал отырықшы халықтарға исламның енуімен бірге құрылыс салудың жаңа үлгілері де келді. IX–XIII ғғ. Орталық Азия қалаларында тазалық орындарының кең таралуы ислам нормаларының материалдық деңгейде орныққанын көрсетті. Зерттеу шолу сипатында жүргізіліп, Андалусия, Солтүстік Африка, Орталық Азия және Алтын Орда аумақтарындағы тұрғын үй архитектурасына арналған археологиялық және пәнаралық еңбектерге салыстырмалы талдау жасалады. Аулалық жоспарлау жүйесі, айван, суфа, тандыр, кан, дәретхана, ташнау, бадрап және су жүйелері тұрғын үй кеңістігін ұйымдастырудағы негізгі функционалдық элементтер ретінде қарастырылады. Ислам дініндегі тазалық, құпиялық қағидалары санитарлық-гигиеналық инфрақұрылымның қалыптасуына тікелей ықпал еткені археологиялық деректер арқылы негізделеді. Андалусиядағы кәріз жүйелері мен латрина құрылымдары, Мурсиядағы су ағызу арналары, Отырар мен Саурандағы унитаз және тазар құрылғылары исламдық тұрмыс мәдениетінің тұрғын үй жоспарында міндетті элементке айналғанын дәлелдейді. Сонымен қатар палеопаразитологиялық, геохимиялық, GIS және 3D реконструкция әдістерінің нәтижелері талданып, олардың тұрғын үй кеңістігіндегі таза және лас аймақтарды, ас дайындау, жуыну және қалдық шығару орындарын анықтаудағы маңызы көрсетіледі. Бұл тәсілдер тұрғын үйді статикалық объект емес, уақыт пен әлеуметтік әрекет ықпалында үнемі өзгеретін динамикалық кеңістік ретінде түсіндіруге мүмкіндік береді. Нәтижесінде ислам ықпал еткен тұрғын үй архитектурасы бірыңғай типологиялық модель емес, әртүрлі экологиялық және мәдени ортаға бейімделген, бірақ ортақ діни-этикалық қағидалармен біріктірілген күрделі урбанистік феномен ретінде сипатталады. Зерттеу ислам әсерінен тұрғын үй мәдениетінің ортағасырлық Еуропамен салыстырғандағы санитарлық гигиеналық және инфрақұрылымдық артықшылықтарын, сондай-ақ Орталық Азияда отырықшы және көшпенді дәстүрлердің тоғысуын көрсетеді.</jats:p>

Show More

Keywords

және тұрғын үй ретінде ислам

Related Articles