Abstract
<jats:p>Мақала гагауыз халқының этникалық қалыптасу тарихына, тілінің шығу тегі мен даму ерекшеліктеріне, сондай-ақ гагауыз тіліне әртүрлі тарихи кезеңдерде әсер еткен өзге тілдердің ықпалына арналған. Гагауыз халқының қалыптасуына қатысты ғылыми көзқарастар салыстырмалы түрде талданып, әртүрлі гипотезалардың негізді тұстары көрсетіледі. Көптеген ғалымдардың еңбектері сараланып, тарихи құжаттарға зер салынды. Тарихи-саяси және мәдени байланыстармен ұзақ уақыт бойы әртүрлі тілдік ортада өмір сүру нәтижесінде гагауыз тіліне болгар, румын, грек, молдаван, орыс, сондай-ақ араб-парсы тілдерінің ықпалы тигені белгілі. Бұл тілдік ықпалдар, әсіресе, лексикалық қабаттан, діни терминологиядан және әкімшілік-саяси атаулардан айқын байқалады. ХХ ғасырдың ортасына дейін жазу жүйесі, әліпбиі болмаған гагауыз халқы өзінің көркем әдебиеттегі бай мұрасын тек ауызекі тілде ғана сақтай білгендігі деректер негізінде көрсетілді. Зерттеудің негізгі мақсаты – гагауыз халқы мен тілінің қалыптасу үдерісін тарихи, этнолингвистикалық және салыстырмалы-лингвистикалық тұрғыдан сипаттау. Осы бағытта гагауыздардың этногенезіне қатысты қалыптасқан ғылыми көзқарастар жүйеленіп, олардың оғыз тайпаларымен байланысы, Балқан өңіріне қоныс аудару жолдары және әлеуметтік-тарихи жағдайлары айқындалды. Мақалада гагауыз халқының шығу тегі туралы кейбір ғалымдардың пікірі өзгеше болғанымен, гагауыз тілінің түркі тілдері жүйесіндегі орны, оның түркілік негізін көрсететін айғақтар, оғыз тілдер тобына жататындығы тілдік деректер негізінде дәлелденеді. Зерттеу барысында көптілділік пен жаһандану жағдайында гагауыз тілінің сақталуы, дамуы және болашағына қатысты өзекті мәселелермен бірге қазіргі гагауыз тілінің тілдік жағдайына талдау жасалды. Ұзақ мерзімді тарихи тілдік байланыстардың нәтижесінде гагауыз тілінде кейбір байланыс әсерлері қалыптасқан, алайда оның негізгі грамматикалық жүйесі түркі тіліне жақын күйінде сақталғаны да анықталды.</jats:p>