Abstract
<jats:p>Аннотация. Бұл зерттеу түсті металдарға әлемдік бағалардың өзгеруінің Қазақстанның түсті металлургия саласының экспорттық динамикасына әсерін кешенді экономикалық бағалауға арналған. Қазақстан экономикасында түсті металлургия экспорттық түсімдердің елеулі үлесін қалыптастыратын стратегиялық маңызды сала болып табылады, алайда оның дамуы әлемдік тауар нарықтарындағы баға құбылмалылығына және сыртқы экономикалық конъюнктураның өзгеруіне жоғары дәрежеде тәуелді. Осыған байланысты саланың экспорттық тұрақтылығын қамтамасыз ету және тиімді экспорттық стратегияларды қалыптастыру үшін бағалық факторлардың әсерін сандық тұрғыдан негіздеу ерекше өзектілікке ие. Зерттеуде 2020–2024 жылдар аралығындағы ресми статистикалық деректер негізінде сандық талдау әдістері қолданылды. Әдіснамалық тұрғыда сипаттамалық статистика, Пирсон корреляция коэффициенті және ең кіші квадраттар әдісімен бағаланған көптік сызықтық регрессия пайдаланылды. Тәуелді айнымалы ретінде түсті металлургия өнімдерінің экспорттық түсімі, ал тәуелсіз айнымалылар ретінде мыс, алюминий, мырыш және қорғасынның әлемдік бағалары алынды. Бұл тәсіл негізгі металдар бойынша экспорттық түсімнің бағалық икемділігін салыстырмалы түрде бағалауға мүмкіндік берді. Зерттеу нәтижелері экспорттық түсім мен негізгі түсті металдардың әлемдік бағалары арасында тұрақты оң статистикалық байланыстың бар екенін көрсетті. Ең жоғары сезімталдық мырыш пен мыс бағаларына тән екені анықталды, ал алюминийдің әсері орташа деңгейде, қорғасынның ықпалы салыстырмалы түрде әлсіз болып шықты. Құрылған регрессиялық модель экспорттық түсімдегі өзгерістердің шамамен 92 %-ы әлемдік бағалардың динамикасымен түсіндірілетінін көрсетті. Алынған нәтижелер экспорттық түсімді болжау, бағалық тәуекелдерді бағалау, сондай-ақ түсті металлургия саласын институционалдық тұрғыдан бейімдеу мен тұрақты дамытуға бағытталған мемлекеттік және корпоративтік басқару шешімдерін ғылыми негіздеу үшін қолданылуы мүмкін.</jats:p>