Abstract
<jats:p>Бұл зерттеу жұмысы 2015-2025 жылдар аралығындағы Scopus деректер базасындағы ғылыми еңбектер негізінде көркем әдебиет стилін оқыту әдістемесінің қазіргі жағдайына жүйелі шолу жасауға бағытталған. Зерттеу барысында PRISMA (Preferred Reporting Items for Systematic Reviews and Meta-Analyses) халықаралық стандарты қолданылып, іріктеуден өткен 17 негізгі мақала терең талданды. Мақаланың негізгі мақсаты – жоғары сынып оқушыларының лингвостилистикалық талдау дағдыларын дамытудағы заманауи педагогикалық тәсілдер мен цифрлық технологиялардың тиімділігін айқындау. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, көркем әдебиет стилін оқыту саласындағы ғылыми белсенділік АҚШ, Ресей, Қытай және Ұлыбритания елдерінде жоғары, ал Қазақстан мен Орталық Азия аймағында бұл бағыт әлі де тереңдетілген зерттеулерді қажет етеді. Мақалада дәстүрлі әдістермен қатар, CLIL (пән мен тілді кіріктіріп оқыту), Flipped Classroom (төңкерілген сынып) және Booktuber секілді инновациялық мультимедиялық жобалардың маңыздылығы дәлелденген. Сонымен қатар, әдеби мәтіндерді талдауда жасанды интеллект алгоритмдерін (TF-IDF, SVM) және оқушылардың эмпатия деңгейін өлшейтін психологиялық құралдарды (LRQ, RMET) қолданудың жаңа мүмкіндіктері қарастырылды. Талдау барысында көркем шығармадағы бейнелеуіш-көріктеуіш құралдарды (метафора, эпитет, фразеологизм) прагматикалық тұрғыдан меңгерту оқушының тілдік тұлғасын қалыптастырудың негізгі құралы екені анықталды. Зерттеудің практикалық маңызы – ұсынылған әдістемелік модельдерді қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында қолдану арқылы оқушылардың сыни ойлау, шығармашылық және сандық сауаттылығын арттыруға негіз болады. Қорытындылай келе, мақала көркем әдебиет стилін оқытуды цифрландыру және пәнаралық интеграциялау бағытындағы жаңа ғылыми бағдарларды ұсынады.</jats:p>