Abstract
<jats:p>Soft skills қалыптастыруға бағытталған заманауи педагогикалық тәсілдер мен теориялар қатарында конструктивизм, гуманистік педагогика және әлеуметтік-когнитивтік теория жетекші орын алады. Алайда аталған теориялардың әдіснамалық ерекшеліктері мен олардың soft skills дамытудағы салыстырмалы тиімділігі жеткілікті деңгейде жүйеленіп зерттелмеген. Осы зерттеудің мақсаты – конструктивизм, гуманистік педагогика және әлеуметтік-когнитивтік теорияның soft skills қалыптастырудағы рөлін теориялық тұрғыда талдау, олардың негізгі ұстанымдарын салыстыру және білім беру үдерісінде қолдануға тиімді әдістемелік бағыттарды айқындау. Зерттеу сапалы сипатта жүргізіліп, жүйелі әдеби шолу мен теориялық талдау әдістеріне негізделді. Соңғы он жылда жарияланған жетекші ғылыми басылымдардағы шамамен он мақала іріктеліп, контент-талдау және салыстырмалы талдау әдістері қолданылды. Талдау нәтижелері конструктивизмге негізделген белсенді оқыту стратегияларының, атап айтқанда проблемалық оқыту (PBL) мен жобалық оқытудың, студенттердің сыни ойлау қабілетін және командалық жұмыс дағдыларын дамытуда жоғары тиімділік көрсететінін айқындады. Гуманистік педагогика тұлғаның эмоционалдық және тұлғалық дамуын қолдап, өзін-өзі реттеу, ішкі мотивация және эмпатия дағдыларын қалыптастыруға ықпал ететіні анықталды. Әлеуметтік-когнитивтік теория, өз кезегінде, бақылау, үлгілеу және peer-learning механизмдері арқылы коммуникация, әлеуметтік өзара әрекет және көшбасшылық қабілеттерін дамытуда маңызды рөл атқарады. Зерттеу нәтижелері аталған теорияларды интеграциялау білім беру үдерісінде әмбебап әрі кешенді әдістемелік модель құруға мүмкіндік беретінін көрсетеді. Ұсынылған интеграциялық модель когнитивтік белсенділікті, тұлғалық дамуды және әлеуметтік өзара әрекетті үйлестіре отырып, студенттердің сыни ойлау, эмоционалдық интеллект, көшбасшылық және топта жұмыс істеу қабілеттерін жүйелі түрде дамытуға бағытталған.</jats:p>