Abstract
<jats:p> Қазіргі жоғары білім беру жүйесінде магистранттарды даярлау үдерісі тек теориялық білім берумен шектелмей, ғылыми-зерттеу қызметі мен өндірістік тәжірибені өзара кіріктіруді талап етеді. Осы тұрғыдан алғанда, білім, ғылым және өндіріс интеграциясы негізінде магистранттарды даярлау олардың кәсіби, ғылыми-зерттеушілік және инженерлік құзыреттіліктерін қалыптастырудың маңызды факторы болып табылады. Алайда магистранттарды даярлау нәтижелерін кешенді диагностикалау және оны жетілдіру мәселесі жеткілікті деңгейде жүйеленбеген. Бұл зерттеудің мақсаты – білім, ғылым және өндіріс интеграциясы негізінде магистранттарды даярлау нәтижелерін диагностикалау және оны жетілдірудің перспективті бағыттарын айқындау болып табылады. Зерттеуде аралас әдіснамалық тәсіл қолданылды. Теориялық талдау Web of Science, Scopus және Google Scholar дерекқорларындағы ғылыми еңбектер негізінде жүргізілді. Эмпирикалық зерттеу Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің 7М015 – Жаратылыстану пәндері бойынша мұғалімдер даярлау білім беру бағдарламасы аясында 100 магистранттың қатысуымен жүзеге асырылды. Деректерді жинау үшін 5 баллдық Likert шкаласына негізделген сауалнама қолданылды. Алынған мәліметтер jamovi бағдарламасында сипаттамалық статистика және Пирсон корреляциялық талдау әдістері арқылы өңделді. Зерттеу нәтижелері білім беру мен ғылыми-зерттеушілік компоненттер арасында оң байланыс бар екенін көрсетті (r = 0.358, p < 0.001). Сонымен қатар, білім беру мен өндірістік компоненттер арасында да статистикалық тұрғыда мәнді оң байланыс анықталды (r = 0.423, p < 0.001). Ең жоғары корреляциялық көрсеткіш ғылыми-зерттеушілік және өндірістік компоненттер арасында тіркеліп, күшті оң байланыс ретінде сипатталды (r = 0.612, p < 0.001). Бұл магистранттардың ғылыми-зерттеу қызметі олардың өндірістік міндеттерді шешу қабілетін дамытуда шешуші рөл атқаратынын көрсетеді. Жүргізілген зерттеу нәтижелері магистранттарды білім-ғылым-өндіріс интеграциясы негізінде даярлау үдерісін жетілдіруге, университет-өндіріс серіктестігін нығайтуға және магистрлік білім беру сапасын арттыруға бағытталған практикалық ұсынымдар әзірлеуге ғылыми негіз болып табылады.</jats:p>