Abstract
<jats:p>Көпкомпонентті газдардағы диффузия бинарлы диффузия кезінде байқалмайтын бірқатар ерекше құбылыстармен сипатталады. Зерттеулерге жасалған талдау көрсеткендей, диффузия коэффициенттері айтарлықтай айырмашылығы бар кейбір жүйелерде, белгілі бір геометриялық және жылуфизикалық параметрлер кезінде конвективтік орнықсыздық пайда болуы мүмкін. Орнықтылыққа жасалған талдау диффузиялық күйден конвективтік күйге өту мүмкін болатын бірқатар параметрлерді анықтауға мүмкіндік береді. Алайда бұл тәсіл процестің динамикасын толық зерттеуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан, жұмыс барысында, үшкомпонентті жүйелердегі конвективтік ағындардың пайда болуын және олардың эволюциясын сипаттау, сондай-ақ бастапқы қоспа құрамының концентрациялық гравитациялық конвекцияның пайда болуына әсерін бағалау қарастырылатын болады. Жұмыста физикалық параметрлер бойынша жіктеу сызбасына негізделген конвективтік ағындардың пайда болуын сипаттайтын математикалық модель ұсынылған. Әртүрлі уақыт мезеттерінде молекулалық массасы ең үлкен газ компонентінің концентрация өрістері жөнінде деректер алынған. Жұмыс барысында алынған нәтижелерге сүйене отырып, диффундирленетін компоненттердің изоконцентрациялық сызықтарының өзгеруі жүйенің механикалық тепе-теңдігінің орнықсыздығымен байланысты болуы мүмкін екендігі және бұл қисаю дәрежесі қоспа компоненттерінің бастапқы концентрацияларына тәуелді екендігі көрсетілген, сондай-ақ мұндай құбылыстар тәжірибелік бақылаулармен өзара жақсы үйлеседі.</jats:p>