Abstract
<jats:p>Аннотация. Жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын білім беру жүйесінде қолдану заманауи білім беру парадигмасының ажырамас бөлігіне айналып, оқу үдерісін трансформациялау қажеттілігін көрсетеді. Аналитикалық химияны оқытуда Жасанды интеллектті енгізу идеясы өзектілігімен ерекшеленеді, себебі бұл бағыт білім беру саласында инновациялық тәсілдерді талап етеді. Зерттеу тақырыбының таңдалуына негіз болған проблемалық жағдай – жоғары оқу орындарында Жасанды интеллект технологияларын қолдану туралы қажетті әдіснамалық негіздің жеткіліксіздігі. Білім беру үдерісінде технологиялық жетістіктерді тиімді пайдалану, соның ішінде аналитикалық химия пәнін оқытуда жасанды интеллектті қолдану қажеттілігі анықталды. Осыған орай, зерттеу мақсаты мұғалімдер, студенттер және әкімшілік қызметкерлер арасында жасанды интеллект технологияларын қолдануға дайындық деңгейін анықтау және бұл үдерістегі негізгі кедергілерді зерттеу болды. Бұл мәселенің маңыздылығы жасанды интеллектті енгізу арқылы оқыту үдерісінің сапасын арттыру және білім алушылардың оқу мотивациясын жоғарылату мүмкіндігінде жатыр. Зерттеудің тәжірибелік негізі ретінде Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің 65 респондентінен алынған деректер қарастырылды. Зерттеу барысында алынған мәліметтер күрделі статистикалық талдаулардан өткізіліп, білім беру үдерісі жаңа технологияларды интеграциялаудағы негізгі тенденциялар айқындалды. Сонымен қатар, алынған нәтижелер Қазақстанның жоғары оқу орындарында жасанды интеллектті қолданудың ғылыми-теориялық негізін қалыптастыруға, сондай-ақ заманауи еңбек нарығы талаптарына сәйкес келетін бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға ықпал етеді. Зерттеу нәтижелері білім беру үдерісінде инновациялық технологияларды қолданудың тиімділігін арттырудағы өзектілігін тағы да растайды. Біздің зерттеуіміз қазіргі заманның өзекті мәселесіне, яғни – оқытушылардың жоғарғы оқу орындарында аналитикалық химия пәнінен білім беру үшін жасанды интеллект технологияларын пайдалануға дайындығын қалыптастырудың қажеттілігін көрсетеді.</jats:p>