Abstract
<jats:p>Аңдатпа. Мақалада М.Ж. Көпеевтің гуманистік дүниетанымы және адамгершілік мәселелерін оқыту арқылы білімгерлерді адамгершілікке тәрбиелеу жайында қарастырылады. Қазіргі кездегі жаһандану үрдісі етек алған ақпараттық заманда білімгерлерге гуманистік тәрбие беруді дамыту мақсатын көздеген бұл мәселеде ақын өлеңдерінің алатын орнының маңыздылығы сөз болады. Жастардың бойына гуманистік көзқарастар мен ұлттық құндылықтарды дарыту үшін жан-жақты, толыққанды жаңа бағыттағы тәрбие жүйесі қажет екені ескеріліп, білім беру ұйымдарының міндеттері ретінде ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарға бағдарланған, қоршаған ортада бәсекеге қабілетті бола алатын білім алушы тұлғаның үйлесімді қалыптасуы мен дамуы үшін қолайлы білім беру ортасын құру қарастырылады. Нысаны – Көпеевтің «Ғибратнама» өлеңіндегі гуманистік дүниетаным. Тақырыптың мәнін ашардан бұрын «гуманизм», «гуманистік дүниетаным» ұғымдарына психологиялық-философиялық тұрғыдан түсініктемелер беріліп, ғалымдардың ой-пікірлері салыстырыла талданады. Сонымен бірге данышпан ақынның өмір сүрген кезеңінде жүріп өткен жолы мен шығармашылығы, зерттеулері талдана отырып, адамгершілік, гуманизм тақырыбының білімгерлер үшін бүгінгі күні де өзектілігін жоймайтын тақырып екені дәлелденеді. Мақала барысында көптеген ғылыми еңбектер қолданылып, ақынның «Ғибратнама» атты еңбегіндегі гуманистік ұстаным кеңінен түсіндіріліп, өлең мазмұнын ашуда көркем суреттеу, градация, адамдардың іс-әрекеттерін құс бейнесінде көрсету, эпитеттер, теңеу әдістері және салыстыру, талдау, жинақтау, зерттеу әдістері қолданылады. Сонымен қатар автор соңғы жылдары енгізілген жaңaртылған білім беру жүйесіндегі педагогикaлық әдіс-тәсілдердің ішінде гуманистік дүниетaнымдық бaғыттың әрдайым алдыңғы қатардан тұратынын ескертеді. Қорытынды ретінде тұлғаның рухани-адамгершілік дамуы – құндылықтық-мазмұндық аясының кеңеюуі мен нығайтылуы, тұлғаның дәстүрлі моральдық нормалар мен адамгершілік идеялардың негізінде өзіне, басқа адамдарға, қоғамға, мемлекетке, елге, әлемге қатынасының құрылуы мен бағалау бейімділіктерінің қалыптасып, жүзеге асырылатын үдеріс екендігі айқындалады. </jats:p>