Abstract
<jats:p>Қазақ тілінің ұзақ уақыттық даму тарихы бар. Тіліміздің қалыптасу және даму тарихынан қыпшақ кезеңі маңызды орын алады. Қыпшақ тілі — орта ғасырларда Еуразияда кеңінен қолданылған тарихи тіл. Қазақ тілінің осы қыпшақ тілі негізінде қалыптасқандығын дәлелдейтін қарапайым қыры — лексикалық қоры. Қазіргі таңда қазақ лингвистикасы тіл тарихындағы осы қыпшақ кезеңіне назар аудара бастады. Қыпшақ жазба мәтіндері әртүрлі географиялық аумақта әртүрлі графикамен сақталып қалды. Ол қыпшақтардың тарихи, мәдени, әскери, экономикалық ықпалымен тығыз байланысты болды. Тарихи себептермен қоныс аударған қыпшақтар жергілікті мекендерде ықпалға ие болып, қыпшақ тілінде еңбектер, шығармалар жазыла бастады. Қыпшақ тіліне аударма жасалған туындылар да сақталған. Олардың басым көпшілігі мәмлүк қыпшақтары үстемдік еткен Мысыр жерінде жарық көрген. Мазмұны жағынан түрлі тақырыптарды қамтыған. Араб тілінің графикасымен берілген. Қазақ тіл білімінде қыпшақтарға қатысты жазба ескерткіштерді жүйелеу, аударма жасау, талдау жүргізужұмыстары іске асырылып келеді. Зерттеу жұмыстары ұзақ уақыт пен кең ауқымды қамтығанымен, қыпшақ тіліндегі жазба ескерткіштер түгел зерттелген жоқ. Кей жазба мұралар толық зерттелсе, кейбірі мақалалар мен шолулар көлемінде ғана қарастырылған. Жазба мұралардың бір тобының аты аталып, зерттеу жасалмағандары және аты белгілі болғанымен табылмағандары да кездеседі. Оларды зерттеу нысаны ретінде алу қазақ әдеби тілінің тарихын деректермен толықтырады. Қазақ лингвистикасымен айналысатын болашақ мамандарға, жоғары мектепте элективті курстар ретінде білім алушыларға оқытудың ғылыми-танымдық маңыздылығы артып келеді. Тіл оқытуда қазақ тілі құрылымдық-лингвистикалық аспектіде ғана қарастырылып келді. Қыпшақ тіліндегі жазба ескерткіштер қазақ тілінің тарихи фонетикалық, грамматикалық және лексикалық құрылымын түсінуге мүмкіндік береді. Араб жазуымен сақталған қыпшақ ескерткіштерінің лексикасын оқытудабірнеше өзекті мәселе бар. Бұл мәселелер бойынша жұмыс жүргізіліп, араб жазуындағы қыпшақ лексикасы ғылыми қауымға таныстырылуы тиіс. Қыпшақ тіліндегі сөздердің басым көпшілігі қазақ тілінде сақталған. Қыпшақ тілі қазақ тілінің тарихи негізі ғана емес, оның қалыптасуындағы басты фактор. Аталған тақырыптың өзектілігін негіздей отырып, мақалада тарихи мәтіндердің лексикасын жоғары оқу орындарындағы тіл мамандарына және мектеп оқушыларына элективті курс ретіндетанытудың әдістемелік-теориялық негіздері талданады. Алынған нәтижелер бойынша ұсыныстар беріліп, ғылыми тұрғыдан тұжырымдалған. </jats:p>