Abstract
<jats:p>Мақалада көркем мәтіндегі концептуалдық құрылымдардың когнитивтік сипаты лингвомәдени және этнокогнитивтік тұрғыдан қарастырылады. Когнитивтік лингвистиканың негізгі бірлігі болып саналатын концепт ұлт тілінде қалыптасқан дүниенің тілдік бейнесін танытатын, белгілі бір халықтың мәдени танымымен, тарихи тәжірибесімен тығыз байланысты менталдық құрылым ретінде сипатталады. Концепт халықтың мәдени болмысы мен рухани құндылықтарын бойына жинақтай отырып, ұлттық дүниетанымды танудағы негізгі компоненттердің бірі. Осы тұрғыдан алғанда, көркем мәтін — концептілердің тілдік, семантикалық және мәдени қабаттарын кешенді түрде айқындайтын маңызды дереккөз. Зерттеу жұмысының өзектілігі көркем мәтіндегі концептуалдық құрылымдардың когнитивтік табиғатын ашу арқылы этномәдени санада сақталған, ұлттың ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан ықшам әрі терең мағыналы дүниетанымдық түсініктерін, ұлттық мәдени құндылықтарын айқындау қажеттілігімен анықталады. Мақалада Қ. Қазиевтің «Иманжапырақ», «Менің шешем» атты туындылары мен М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы ұлттық таным ерекшеліктері мен концептуалдық құрылымдардың когнитивтік сипаты салыстырмалы түрде талданады. Зерттеудің негізгі мақсаты — аталған шығармалардағы концептілердің тілдік репрезентациясын анықтау және олардың ұлттық дүниетанымдағы орны мен қызметін сипаттау. Осы мақсатқа жету үшін сипаттама, этнолингвистикалық, концептілік талдау әдістері, сондай-ақ ассоциативтік эксперимент элементтері қолданылды. Зерттеу барысында отандық және шетелдік ғалымдардың когнитивтік лингвистика саласындағы іргелі еңбектері ғылыми-теориялық негіз ретінде пайдаланылды. Зерттеуде жер, намыс, ар және еңбек концептілері негізгі талдау объектісі ретінде қарастырылды. «Жер» концепті қазақ көркем мәтінінде тек географиялық кеңістік емес, тарихи жады, рухани тұтастық, ата-баба мұрасы және әлеуметтік қатынастардың символы ретінде бейнеленеді. М. Әуезов романы жерді халық тағдырымен байланыстырса, Қ. Қазиев шығармаларында жер ана бейнесімен астасып, рухани және моральдық мәнге ие болады. «Ар» концептісі адамның ішкі рухани заңын, моральдық тазалығын көрсетсе, «намыс» концептісі әлеуметтік, ұжымдық өлшемде көрініс табады. Авторлар концептілерді лексикалық бірліктер, фразеологизм, метафора және синтаксистік құрылымдар арқылы бейнелейді. Еңбек концептісі шығармаларда ұлттық дәстүр, тұрмыс-салт пен моральдық құндылықтарды жеткізетін тілдік бірліктер арқылы көрініс табады. Зерттеу нәтижесінде көркем мәтіндегі концептуалдық құрылымдардың тілдік ерекшеліктері мен семантикалық ауқымы айқындалып, ұлт тілінде ерекше орын алатын еңбек пен еңбегі жоқтық ұғымдарының қарапайым халық танымындағы тілдік бейнесі анықталды. Бұл тұжырымдар көркем мәтінді когнитивтік бағытта зерттеудің маңыздылығын дәлелдейді. </jats:p>