Abstract
<jats:p>Мақалада қазақ халқының мәдениеті мен дүниетанымында ерекше орын алатын «дала» концептісінің лингвомәдени және когнитивтік қырлары жан-жақты зерттелген. «Дала» ұғымы қазақ халқының ұлттық болмысы мен мәдениетінде айрықша маңызға ие, ол халқымыздың кеңістік туралы түсінігін, еркіндікке деген сүйіспеншілігін, рухани құндылықтарын, патриотизмін және табиғатпен үйлесімді өмір сүру философиясын бейнелейді. Зерттеу барысында «дала» концептісінің қазақ халқының ұлттық санасындағы орны мен оның «Қазақстан» концептосферасының негізгі өзегін құрайтыны анықталды. Бұл ұғымның құрылымы фреймдік талдау әдісі арқылы қарастырылып, негізгі моделі анықталды. Мақалада фреймге анықтама беріліп, тілдегі негізгі қызметі талқыланды. Когнитивтік лингвистикадағы фрейм — білімді ұйымдастырудың маңызды құралы. М. Минскийдің фреймді адамның жадындағы ақпарат пен көрген мәліметті модельдеу әдісі ретінде, яғни ол санадағы визуалды, стереотиптік қабылдауға негізделген ақпараттық құрылым екені талданып, ал Ч. Филлмор фреймді тіл біліміне енгізіп, оны концептуалды білім мен когнитивтік құрылым ретінде қабылдағаны сипатталды. Зерттеуші ғалымдардың фреймді жадыда сақталған ассоциация жиынтығы немесе стандартты білімді қамтитын көпқұрамды концепт деп қарастыратыны, фреймдер ақиқаттың санада топтасып, концептуалдық жүйе қалыптастыруын қамтамасыз ететіні баяндалады. Жоғарыда айтылған фреймдік құрылым негізінде «Отан», «ел», «туған жер», «ауыл», «өлке», «аймақ» сияқты ұғымдардың мазмұны ашылды. Сонымен қатар біртұтас жалпы концептінің бір бөлігі немесе оның ішкі категориясы болып табылатын «субконцепт» ұғымына анықтама беріліп, «дала» концептісін құрайтын «Ұлы дала», «қазақ даласы», «сайын дала», «байтақ дала», «жазық дала» субконцептілердің тілдік ерекшеліктері мен олардың мәдени-танымдық мәні терең талданды. Зерттеу барысында Қазақстан мен Татарстан жастарының қатысуымен ассоциативтік эксперимент жүргізілді. Эксперимент нәтижесі «дала» ұғымының бауырлас екі елдің де тілдік санасында маңызды орын алатынын көрсетті. Бұл ұғымның қазақ халқының ұлттық бейнесін айқындайтын негізгі концепт ретінде танылғаны дәлелденді. Сондай-ақ «дала» ұғымының қазақ халқының дүниетанымы мен мәдениетіндегі өзектілігі мақал-мәтел, фразеологизм және лексикографиялық деректер негізінде дәйектелді. Мақалада «дала» концептісінің тарихи, мәдени және тілдік тұрғыдан терең талдануы оның қазақ халқының ұлттық кодын айқындаудағы маңыздылығын көрсетті. Зерттеу нәтижелері «дала» концептісінің қазақ халқының мәдениеті мен дүниетанымындағы орны ерекше екенін және оның ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы рөлін айқындауға мүмкіндік беретінін көрсетті. «Дала» ұғымы қазақ халқының ұлттық болмысын, рухани құндылығын және мәдени ерекшелігін тереңірек түсінуге жол ашады.</jats:p>