Abstract
<jats:p>Генеративті жасанды интеллект (ЖИ) жүйелерінің білім беру саласына жедел ендірілуі жағдайында жоғары білім беру жүйесінде бағдарламалауды оқытудың мақсаттары мен әдістерін қайта қарастыру қажеттілігі туындап отыр. Зерттеудің мақсаты — бағдарламалау тілінің синтаксистік құрылымдарын меңгеруден гөрі жасанды интеллектпен саналы әрі мақсатты өзара әрекеттесу үшін метатанымдық стратегияларды дамытуға басымдық беретін педагогикалық үлгінің теориялық негіздемесін әзірлеу және оны эмпирикалық тұрғыда тексеру. Зерттеудің әдіснамалық негізі ретінде оқыту үдерісін саналы жоспарлау, жасанды интеллектпен диалог жүргізу, әрекеттерді бақылау және рефлексия кезеңдерін қамтитын когнитивті-метатанымдық үлгі таңдалып алынды. Зерттеу design-based research тәсілі аясында жүзеге асырылды, бұл нақты оқу жағдайында педагогикалық шешімдерді жобалауға, ендіруге және талдауға мүмкіндік берді. Зерттеу жұмысына бағдарламалауды үйрену барысында генеративті модельдерді (ChatGPT, GitHub Copilot, DeepSeek, Gemini және LLaMA) пайдаланған 52 студент қатысты. Оқыту процесінде студенттердің жасанды интеллектпен өзара әрекеттесу сәттері скринкаст түрінде жазылып, фасилитациялық сессиялардың аудиожазбалары, студенттердің рефлексивтік күнделіктері мен жобалық жұмыстардың артефакттары жинақталды. Курстың басындағы және соңындағы мәліметтерді салыстырмалы талдау Уилкоксон тестінің нәтижелері бойынша (p < 0.001) студенттердің метатанымдық саналығының деңгейі статистикалық тұрғыдан елеулі өскенін көрсетті. Сонымен қатар жасанды интеллектке қойылған сұрау түрлерінің репродуктивті сипаттан аналитикалық сипатқа ауысуы және студенттердің өзін-өзі сипаттауларында стратегиялық әрі рефлексивтік үлгілердің жиі кездесуі анықталды. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, егер оқу үдерісі тиісті педагогикалық қолдаумен сүйемелденсе, жасанды интеллект тек техникалық құрал ретінде ғана емес, сонымен қатар танымдық белсенділікті ынталандыратын және дербес, сыни тұрғыдан ойлай алатын тұлғаның дамуына ықпал ететін фактор ретінде қызмет ете алады. Ұсынылып отырған педагогикалық үлгі студент пен жасанды интеллект арасындағы метатанымдық диалогқа негізделген бағдарламалауды оқытудың жаңа парадигмасын ұсына отырып, цифрлық дәуір жағдайында білім беру стратегияларын қайта қарауға мүмкіндік береді.</jats:p>