Abstract
<jats:p>Бұл мақалада Әбу Насыр әл-Фарабидің «Китаб мақалат әр-рафиға фи усул илм әт-тәбиға» атты еңбегінің «Нәфс» атты үшінші бөліміне теолингвистикалық талдау жасалады. Зерттеу жұмысы әл-Фарабидің рух, ақыл және нәпсі ұғымдарын Құран аяттары, Мұхаммед пайғамбардың хадистері және ислами басқа да ілімдердің негізінде талдауға, түсіндіруге және ерекшеліктерін анықтауға бағытталған. Алдымен Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан кейінгі дінтану, исламтану,шығыстану салаларында әл-Фарабидің еңбектерін зерттеу бағыттары айтылады. Әл-Фарабидің нәфс туралы діни және философиялық түсіндірмелеріне, анықтамаларына теолингвистикалық талдау жүргізу, оның ойларын ислам ғалымдарының және Абай, Шәкәрім секілді қазақ ойшыдарының көзқарастарымен салыстыру зерттеудің басты мақсаты саналады. Мақаланың негізгі бағыты – «нәфс» ұғымының мағыналық өрісін айқындау, оның араб және қазақ тілдеріндегі семантикалық айырмашылықтарын көрсету және Құран аяттары мен хадистерде жатқан әл-Фараби талдауларының исламдық негіздерін анықтау, оның ойларын ислами дүниетаным мәнмәтінінде түсіндіру. Әл-Фарабидің діни-философиялық көзқарастарын тілдік және герменевтикалық тұрғыдан түсіндіру арқылы оның трактаттарындағы теолингвистика мен ислам философиясының тоғысқан тұсын ашу мақаланың ғылыми-практикалық маңыздылығы саналады. Бұл еңбектің нәтижелері арабтану, дінтану, деректану және тіл мамандарының ортағасырлық діни, діни философиялық мәтіндерді талдау тәжірибелеріне қосымша көмек болады. Мақалада сипаттау, салыстыру,жекелеу, жалпылау, герменевтикалық және синхронды-диахронды талдау әдістері қолданылады. Зерттеу нәтижесінде әл-Фарабидің нәпсіні рух пен денені байланыстырушы қуат ретінде сипаттағаны, оның материалдық емес, бірақ өмірлік энергия көзі ретінде қарастыратындығы анықталды. Әл-Фарабидің «Рух әл-құдус» ұғымын танымал тәпсірші ғалымдар секілді емес, басқаша түсіндіргені баяндалды. Бұл әл-Фарабидің тәпсір жасаудағы ерекшелігі ретінде қаралды.Сонымен қатар «нәпсі» ұғымының араб тіліндегі мағыналары мен қазақ тіліндегі мағынасы арасындағы айырмашылық көрсетілді. Бұл мақаланың қорытындысы әл-Фарабидің еңбектерін теологиялық және араб лингвистикалық тұрғыдан бірге қарастырудың маңыздылығын көрсетеді. Мақала авторлары ортағасырлық діни мазмұндағы мәтіндерді зерттеудің теолингвистикалық талдау үлгісін ұсынады. Түйін сөздер: әл-Фараби, араб тілі, дін, нәфс (нәпсі), теолингвистика, рух, ислам философиясы.</jats:p>